Алматы - Сеул рейсінде шу шығарған министрдің мас орынбасары қызметінен қуылды

Алматыдан Сеулге ұшып шыққан ұшақта шу шығарған мас әйел Қырғызстан Қоғамдық даму және еңбек министрінің орынбасары Зууракан Каденова болып шықты.

Бортта шу шығарып, ұшақтан шықпай қойған мас әйел туралы Жогорку Кенеш депутаты Аида Исмаилова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Шу шығарған мас әйелдің Қоғамдық даму және еңбек министрінің орынбасары Зууракан Каденова екенін Қырғызстан мен Оңтүстік Корея елшіліктері растады.

"Дипломатиялық паспорт пен жазылған протоколға қарап бұл әйелдің Зууракан Каденова екенін білеміз. Өзім онымен жеке таныс емеспін", — деді Қырғыз елшісі Қылышбек Сұлтан.

Жогорку Кенеш депутаты Аида Исмаилованың айтуынша, шенеуніктің кесірінен Сеул — Алматы ұшағының ұшатын уақыты екі сағатқа шегерілді.

"Мен құлаққап киіп отырғандықтан, басында ешнәрсе естімедім. Тек адамдардың пакетпен әуре болып жатқандарын көрдім. Құлаққабымды шешіп, салонның келесі бөлігінде адамдардың бір әйел маңында жиналғанын байқадым. Бір жігіт ол әйелдің қатты мас екенін және пакет соған керек болып жатқанын айтты", — деді Исмаилова.


Ол, сондай-ақ, әйелдің бортсеріктер сөзіне еш құлақ аспай қойғанын жеткізді. Бұл жағдайда экипаждың басқа мүшелері де көмектесе алмаған. Мас шенеунік өзінің жүгі ұшақтан түсіріліп тастағанын естігенде де борттан шықпай қойған.

Әйелді араға екі сағат салып қауіпсіздік қызметі арнайы арбамен алып шықты. Бұл жағдай туралы ақпарат, алдымен, әлеуметтік желіде, кейін БАҚ-та тарап, Зууракан Каденова Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің бұйрығымен мемлекеттік қызметтен қуылды.