Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша кеше Қазақстан мен Қырғызстанның көлік және коммуникация министрліктерінің және Еуразиялық қайта құру және даму банкінің өкілдері Алматы-Ұзынағаш-Быстровка- Балықшы- Шолпан Ата жаңа автожолының бағыты туралы, сонымен қатар оның құрылысын қаржылындыру мәселелері жөнінде талқылады. Алдын-ала өткен кездесулерде тараптар ортақ концессионерді тағайындаудың дұрыстығы жөнінде бір шешімге келді. Бұл үшін Қазақстан мен Қырғызстан жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қоюы керек болды.
Еуразиялық қайта құру және даму банкі жобаның техника-экономикалық негіздемесі мен байқаулық құжаттарына грант бөлуге әзір. Құрылыстың басталуы Қазақстан үшін алғаш рет ақылы автожолдардың қолданысқа енуінің айғағы болмақ. Республикада ақылы автожолға балама бағыттың бірі - Алматы-Шамалған-Ұзынағаш-Прудки-Талап-Қырғызстан шекарасы болмақ деп атап көрсетті министрліктегілер.
Жобаға сәйкес автожолдың ұзындығы 88 шақырым, оның 62 шақырымы Қазақстан, 26 шақырымы Қырғызстан аумағы арқылы өтпек. Бұл бөлік Алматыдан Ыстықкөл арасындағы жолды 200 шақырымға қысқартпақ. Естеріңізге сала кетейік, трассаның бір шақырымының құрылысына шамамен 3,5 млн $ жұмсалмақшы. Жоспар бойынша құрылысы 2 жылға созылатын бұл жолмен шамамен тәулігіне 10 мың автокөлік жүретін болады деп болжанып отыр.
Алматы-Шолпан Ата автожол құрылысының жобасы көлік және коммуникация министрлігіне ұсынылып отырған үшінші жоба. Бұған дейінгі екеуін министрлік кері қайтарған. Біріншісі -экологиялық қолайсыздықтан болса, екіншісіне - құрылыс жақтан геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмегендік себеп болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті