«Алматы Тауэрс»-тегі өрттен қаза болғандардың отбасыларына 3 млн теңгеден беріледі

«Алматы Тауэрс» ғимаратындағы өрт кезінде қаза болғандардың отбасыларына 3 млн. теңгеден материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы оқиға болған жерді аралау кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбекке «Алматы Тауэрс» басқарушы компаниясының өкілі Аблимит Рахматуллаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

Қала әкімі марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, жан- жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

«Қазіргі кезде оларға барынша көмек көрсетіп, жерлеу мен оған кететін шығын мәселесін шешу қажет. Ешкім назардан тыс қалмасын. Комиссия барлық тексеру жұмысын ашық және жариялы түрде жүргізеді. Қысқа мерзім ішінде толық есеп берілуі тиіс», - деп атап өтті Б.Байбек.

«Алматы Тауэрс» басқарушы компаниясының өкілі өрттен қаза болғандардың отбасыларына бүгіннен бастап материалдық көмек берілетінін айтты.

Осы қайғылы оқиғадан мерт болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Біздің компания басшылығы марқұмдардың отбасыларына 3 млн. теңгеден қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл төлемдер бүгіннен бастап беріледі», - деді А.Рахматуллаев.

«Батутный центр» ЖШС директоры Даурен Тұяқов жерлеу рәсіміне көмек көрсетіп, зардап шеккендерге өтемақы төлейтінін жеткізді. Қаза болған студенттер білім алған жоғары оқу орындары да материалдық көмек көрсететін болады.


Алматы қаласы Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы Серік Әубәкіров өрт дәнекерлеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан немесе апатты жағдайдағы электрқондырғыларынан тұтануы мүмкін деген екі болжам айтып отыр.

«Әкім өрттің неден болғанын жіті тексеруді тапсырды. Осыған орай, оқиға орнында ТЖД-нің арнайы зертханасы жұмыс істеп жатыр. Оқиға орны тексерілді, оны ҚР ІІМ өрт қауіпсіздігі институты мен Төтенше жағдайлар жөніндегі азаматтық қорғаныс комитетінің арнайы мамандары жүргізді», - деп атап өтті С.Әубәкіров.

Бұдан өзге, Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров қайғылы оқиғаға қатысты 292 баптың 3 тармағы (өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы салдарынан екі және одан да көп адамның қаза болуы) бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын айтты.