Almaty Towers-тегі "Батут орталығы" директоры қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бостандық аудандық соты Дәурен Тұяқовты екі ай мерзімге - 12 қаңтарға дейін қамауда ұстау бұлтартпау шарасын бекітті. Ұстау уақыты 12 қарашадан белгіленді", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметіндегілер.
Оның ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу") бойынша айыпталып отырғаны хабарланды. Бұл бап бойынша айыбы дәлелденсе белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Еске сала кетейік, осыған дейін Almaty Towers ғимаратындағы өртке байланысты "Батут орталығы" директорының ұсталғаны хабарланған болатын. "2016 жылдың 12 қарашасында "Батут орталығы" ЖШС директоры, 1983 жылғы азамат Тұяқов Д. ұсталды және ҚР ҚПК-нің 128-бабының негізінде уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген еді ІІД-нің таратқан хабарламасында.