Жағымсыз иіс жайлаған бір жарым гектар алқап Ащысай ауылының ауасын бұзып бітті. Мұрын жармақ түгілі мұнда көзің ашиды.
Өміржан Саин, Ащысай ауылының тұрғыны:
-Памперс, басқа дүниелерді әкеп жатыр ғой, міне! Мына жерде не жоқ дейсіз! Адам өлігі ғана жоқ шығар, қалғанының бәрі бар.
Қоқыстың небір түрі жатыр мұнда. Шіріген тамақ, тіпті өліп қалған малды да әлдебіреулер әкеліп тастапты. Өлексе көбейгелі ауыл маңын ит-құс та торуылдап, жұрттың зәресін ұшырған.
Бейбіт Құсайынов, Ащысай ауылының тұрғыны:
-Шакалдар да келіп жатыр. Ұлыған дауыстарын естиміз. Түнімен ұлып шығады олар. Ал иттер өлікке таласып осында қырғын боп, сол иттермен бізге ауру келеді.
-Небәрі былтыр ғана бұл жер жап-жасыл жайылым болған екен. Ал қазір нағыз күл-қоқыстың мекені. Өлген малдың иісі, шыбын-шіркейге тұнып тұр. Мал қалдықтарынан бөлек мұнда ит пен мысықтың өлекселері де жатыр. Тұрғындардың айтуынша, олар осы арадан ауру тапқан.
Күндіз қарға-құзғынның, түнде қорқаулардың қорегіне айналған қоқыс алаңын тұрғындардың өздері қолдан келгенше тазартыпты. Бірақ өлекселер тым көбейіп кеткен соң бұл араға жолауды қойған. Неге екені белгісіз, бөтен ауылдың адамдары мен жол бойындағы асхана қожайындары да мұнда қалдық тасуын қояр емес. Сөйтсе, ауыл әкімдігінің өзі елді мекеннің дәл түбін көпшілікке ортақ қоқыс полигонына айналдырып жіберіпті.
Бауыржан Соқыров, Қаратұрық ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
-Аудан әкімдігімен бекітілген мемлекеттік актісі бар, кәдімгі заңдастырылған тіркелген заңды полигон біздің...
Полигонның ресми орындар рұқсатымен ашылғанын естігенде жұрт ашуға мінді. Қоршауы жоқ тақыр жерді олар өз жайылымы деп есептеп келген.
-Қайда қаштыңыздар енді?
-Не болатын болды?
-Әкім жауап берді ғой, болды ғой.
Ал өлекселердің әлі де біраз жататын түрі бар. Өйткені полигонды өлген малдан тазалауға әкімдікте әзірге артық қаражат жоқ екен.
Loading...