Алматы және Алматы облысында электр қуатымен қамтамасыз ету жағдайы тұрақтанды

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Қырғызстаннан 50 МВт көлемінде электр қуаты жіберіле бастады. Ал жалпы электр қуатын тұтыну көлемі төмендеді. Бұл өңір тұрғындарының электр қуатын үнемді пайдалануы арқасында тұрақталды.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, Алматы қаласы мен Алматы облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты аймақта электр қуатын пайдалану көлемі 150 МВт жетіп, 24 қаңтарға дейін электр қуатын жіберуге шектеу қойылған болатын. 10 қаңтарда кешке қарай қуат көздерін пайдалану көлемі жоғарғы көрсеткішке жетіп, 1336 МВт құралды. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш электр станциясы өндіретін бар қуаттың деңгейіне жақын.