"Компанияның негізгі жұмыс бағытына жатпайтын активтерінің бір бөлігі, яғни, "Алматы" және "Қазақстан" қонақүйлері республика заңдарына сәйкес ашық саудада сатылады. Бұл қонақүйдерді сату жөніндегі комиссия құрамына қала жұртшылығының өкілдері тартылады",- делінген баспасөз қызметінің түсініктемесінде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін, 27-маусымда үкімет басшысы Даниал Ахметовтың төрағалық етуімен кеңес өтіп, онда "Алматы Пауэр Консолидейтед" АҚ-ның мүлік кешенін сатуға қатысты ақырғы шешім қабылданды.
Еліміздегі ірі қаланың энергетикалық кешенінің үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етудің маңызын ескеру негізінде үкімет оқиғаның өрбу барысын жіті қадағалап, аталмыш мүлік кешенін мемлекеттік құрылымдардың бірі сатып алу мүмкіндігін жете зерттеген. АПК компаниясына қатысты ахуал кеше арнаулы кеңесте талқыланып, оған үкімет мүшелері, ұлттық компаниялардың жетекшілері мен Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.
Келіссөздер барысында үкімет "Алматы Пауэр Консолидейтед" АҚ-ның мүлік кешенін сатып алуға түбегейлі шешім қабылдады. Мүлік кешенін компанияның үздіксіз жұмыс істеуі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қаражаты мен тәжірибесі жететін ҚазТрансГаз компаниясы сатып алатын болды.
"Қазақстан Халық банкі" АҚ белгілеген сауда-саттық шарасы өткізіліп үлгермеуге байланысты банк басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша мүлік кешенін сатып алу жөнінде үкімет пен банкке бірдей тиімді мәміле жасалды.
"Алматы қаласының күз-қысқы маусымға дер кезінде толыққанды дайындалуы үшін үкімет тарапынан қажетті шаралар қолданылатын болады,- деді кеңес жұмысын қорытқан үкімет басшысы.