Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қарау жұмыстарын аяқтады.
Ведомствоның мәліметінше, өтінімдер 1-15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы қабылданған. Осы кезеңде бағдарламаға қатысу үшін барлығы 5 363 азамат өтінім берген.
Құжаттарды зерделеу барысында кейбір үміткерлердің жұмыс саласын қате көрсеткені анықталған. Басқарма мұның техникалық қателік екенін, сондықтан олардың бағдарламаға қатысуына әсер етпегенін атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша 3 968 өтінім мақұлданды. Биыл бағдарлама аясында кемінде 1 650 тұрғын үй несиесін беру көзделіп отыр. Осыған сәйкес, дәл осындай сандағы қатысушы төлем қабілеттілігін растау үшін «Отбасы банк» АҚ-ға жолдама алады.
Кезектің жиналып қалмауы үшін жолдамалар кезең-кезеңімен таратылып, апта сайын 550 қатысушыға жіберіледі.
Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін қатысушыларға 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама нарықтан тұрғын үй таңдап, 20 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесін рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
Егер жолдама алған азаматтардың бір бөлігі төлем қабілеттілігін дәлелдей алмаса немесе белгіленген мерзімде баспана таңдамаса, олардың орнына оң шешім алған келесі үміткерлер шақырылады. Бұл бөлінген қаражаттың толық әрі тиімді игерілуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжаттарды қарау нәтижесінде 1 395 өтініш иесінің құжаттары бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген. Негізгі себептердің қатарында үміткердің жекеменшігінде тұрғын үйдің болуы, соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығаруы немесе соңғы алты ай бойы міндетті зейнетақы жарналарының аударылмауы бар.
Өтінімі мақұлданған және бас тартылған үміткерлердің тізімі kezekte.kz порталындағы ALMATY JASTARY сервисінің «Тұрғын үй қызметтері» бөлімінде жарияланады.