Бұл туралы зообақтың баспасөз хатшысы Михаил Сорокоумов хабарлады.
16-17 жасар Майя есімді сиырдың сүті тек қана өзінің бұзауына ғана емес, барлық енесінен ажырап қалған төлдерді емізуге жетіп жатыр. Аталығы Мура есімді қодас осыдан 6 жыл бұрын Алматы зообағында дүниеге келген.
Баспасөз хатшысының айтуынша, биыл зообақта жас төлдердің саны көбейді. Бір ай бұрын жапон макакасы дүниеге Жак есімді баласын әкелді. Қазір барлығы зообақта 17 маймыл бар.
Мамырдың алғашқы күндері Мейіз есімді шотландтық пони туды. Енесі 2000 жылы зообақта туылған болса, аталығы Гранит Астанадан әкелінген. Қазір бақта төлдерімен қоса санағанда 16 жылқы бар.
Жақында Чапа есімді зебра құлындады. Чапа 2009 жылы Копенгагеннен әкелінген. Аталығы Ричард 2003 жылы Бойца қаласында дүниеге келген. Қазір 6 зебра бар.
Сондай-ақ, биылғы көктемде арқарлардың да қатары артты. Қазір жаңа туған 6 лағы жетіліп келеді. Алматы хайуанаттар бағын барлығы 13 арқар мекендейді.