«Алматы-Атырау» пойызы вагондарының жолдан шығып кету себептері белгілі болды

ҚР ККМ Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асавбаевтың түсіндіруіне қарағанда «Оқиға орын алардан екі апта бұрын «Сағыз-Мақат» учаскесінде рельс өрімінде дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген болатын. Тексеру көрсеткендей ол жұмыстар технологияны бұза отырып жасалған. Соның салдарынан учаскеде кәсіби тілмен айтқанда «жолды серпу» құбылысы болған. Яғни  теміржол рельстердегі температуралық  кернеудің өзгеруіне байланысты формалары өзгерген»

Сонымен бірге ол тексеріс нәтижелеріне сәйкес болған оқыс оқиғаға кінәлі 12 лауазымды тұлғалармен еңбек келісім-шарттары бұзылды және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 2 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

«Алматы-Атырау» маршруты бойынша қозғалыста болған №42 пойыздың 13 жолаушы вагонының жолдан шығып кету оқиғасы 19 сәуірде Атырау облысының «Сағыз-Мақат» теміржол учаскесінде орын алғандығын еске саламыз. Оқиға салдарынан апат болғандар жоқ, 46 жолаушыға кезінде  тиісті дәрігерлік көмек көрсетілді.