Алматыда 214 құрылыс компаниясының лицензиясы тоқтатылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімдіктің Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, жүргізілген тексерулер нәтижесінде бірқатар құрылыс және жобалау ұйымдарының лицензиялары қайтарылып, кейбірінің қызметі уақытша тоқтатылған.

Атап айтқанда, «ҚазҒЗСҚА» АҚ-ның еншілес ұйымы – «ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыс қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды. Бұған компанияда құрылыс лицензиясын алу үшін міндетті саналатын өндірістік базаның болмауы себеп болған.

Сондай-ақ құрылыс нормаларын бірнеше рет бұзып, уәкілетті органның ескертулерін орындамаған «Сәулет Құрылыс Консалтингі» ЖШС-нің лицензиясы кері қайтарылды.

– Құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде бірқатар құрылыс және жобалау ұйымына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, мемлекеттік лицензиялары тоқтатылды немесе қайтарып алынды, – деп хабарлады басқарма.

Әкімшілік шаралар жобалау ұйымдарына да қатысты қолданылды. Мәселен, «SK BEST Spec Story KZ» ЖШС І санаттағы жобалау лицензиясынан айырылса, «Отау-Құрмет» ЖШС құрылыс талаптарына сәйкес келмеуі және бекітілген жобалық шешімдерден ауытқуы себепті лицензиясынан айырылған.

Бұдан бөлек, қала прокуратурасының ұсынысы негізінде 214 құрылыс компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Ведомство мәліметінше, бұл ұйымдар белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмеген.

– Лицензия тек барлық заңбұзушылық толық жойылып, белгіленген талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін ғана қайта қалпына келтіріледі, – делінген хабарламада.

Қала әкімдігі құрылыс саласындағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Бұл жұмыстар қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында жүргізілуде.

Айта кетейік, Алматыда 200 жер телімі мемлекет мұқтажына алынады.