Алматыда 34 сайлаушының 30-ы Т.Мұқашевтың кандидатурасын қолдады


«Дауысты есептеу кезінде аймақтағы сайлау комиссиясы 34 сайлаушының ішінен 30 мәслихат депутаты Төлеубек Мұқашевты, 2 депутат - Қуандық Баймұхамедовты, 2 адам Қалдыбай Мәдибрайымовты қолдап дауыс берді деген қорытындыға келді», - деді аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов.

Сайлау комиссиясы барлығы 36 бюллетень санаса, 34 бюллетень сайлаушылардың қолына берілді. Аймақтық сайлау комиссиясы 2 бюллетеньді жарамсыз етті.

Алматыдан ҚР Парламенті Сенат палатасының депутаттығына 4 адам - Төлеубек Мұқашев, Қуандық Баймұхамедов, Қалдыбай Мәдибрайымов, Төлебай Төлепов үміткер болатын. Төлебай Төлепов отбасылық жағдайына байланысты сайлауға қатысудан бас тартты.

Төлеубек Мұқашев 1950 жылы Алматы облысы Антоновка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын «Балхашпромстрой» тресінде жұмысшы-монтажник қызметінен бастаған. 2010 жылы «ҚР Мәслихат депутаттарының бірлестігі» РҚҰ төрағасы болып сайланды.