Алматыда 5883 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді

ҰБТ төңірегіндегі осы және өзге де жаңалықтар жөнінде ҚазАқпарат тілшісі қалалық білім басқармасының басшысы Рахат Шимашевамен тілдесті.

- Биыл Алматы қаласында қанша оқушы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді?

- Ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл қала бойынша барлығы 190 жалпы білім беру ұйымдарының, оның ішінде 166 мемлекеттік, 24 жекеменшік мектептің түлектері қатысады. Жалпы, өтініш білдірген оқушылардың саны 5883, соның ішінде 2755 оқушы қазақ тілінде,  3128 оқушы орыс тілінде тапсырмақ. Олардың ішінде биыл Алматыда «Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатын алуға 227 оқушы үміткер. Қала бойынша 407 оқушы халықаралық ғылыми жобалардың қатысушысы мен жеңімпазы ретінде ҰБТ тапсырудан босатылып отыр.

- ҰБТ Алматыда қай күндері әрі қай жерде өтеді?

- ҰБТ 2014 жылы маусымның 2-6 күндері аралығында өтеді. Атап айтқанда, Алатау, Жетісу, Медеу, Түрксіб аудандарының мектеп бітірушілері -  1-лекте, Алмалы, Бостандық аудандарының мектеп бітірушілері - 2-лекте; Әуезов ауданының мектеп бітірушілері - 3- лекте ҰБТ тапсырады. Алатау ауданы бойынша тестілеу - Халықаралық білім беру корпорациясында;  Алмалы ауданы бойынша - Орталық Азия университетінде; Әуезов ауданы бойынша - Қазақ ұлттық аграрлық университетінде; Бостандық ауданы бойынша - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде; Жетісу ауданы бойынша - Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде; Медеу ауданы бойынша - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде; Түрксіб ауданы бойынша - Алматы энергетика және байланыс университетінде өтеді.

- Биылғы ҰБТ форматында қандай да бір өзгешеліктер бар ма?

- Жоқ. Биылғы жылы ҰБТ-ны өткізудің форматында ешқандай өзгеріс жоқ. ҰБТ қазақ және орыс тілдерінде бес пән бойынша: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі  және  қазақ  тілінде  оқытатын  мектептердегі  орыс  тілі  және  таңдаған мамандыққа байланысты таңдау пәнінің біреуі бойынша өткізіледі. Әрбір пән бойынша тест тапсырмасының саны - 25. Тест қорытындысы 125 балдық шкаламен өлшенеді.  ҰБТ-ны өткізуге 3,5 (үш жарым) астрономиялық сағат (210 минут) бөлінеді.

-
Биылғы жылы ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беретін ең шекті балл деңгейі қанша?

- Ұлттық жоғары оқу орнының ақылы оқуына ағымдағы жылғы ҰБТ-дан өткен, жалпы орта білім беру ұйымын бітірушілер, тестілеу нәтижелері бойынша 70 балл жинаған оқушылар түсе алады. Ал басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін қазақ немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен, оның ішінде, бейіндік пәннен 7 балдан кем емес (әрбір шығармашылық емтиханнан 10 балдан кем емес), ал қалған пәндерден ең төмені 4 балдан, жалпы 50 балдан кем емес нәтиже көрсеткен абитуриенттер қабылданады.

- Ал апелляциялық шағым түсіру ережесі де былтырғыдай бола ма?

- Иә. Апелляцияға берілетін өтінішті тестілеуге қатысушының өзі апелляциялық комиссия төрағасының атына береді. Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 14.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссия бір күн ішінде қарастырады. Өтініш берушінің өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты, ҰБТ-ға жіберу рұқсаттамасы болуы керек.