Алматыда 7902 түлек «Кәмелеттік аттестат» алды

Қала басшысы 225 түлекке - «Алтын белгі», жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 34 балаға білім грантын табыстады. 

Жалпы Алматыда биыл орта білім туралы аттестатты 7902 түлек алды. 

Шаһар басшысы жиналғандарды оқудың аяқталғанымен құттықтап, оқушылардың ҰБТ тапсырудағы жетістіктерін атап өтті. Қалада ҰБТ балының орташа көрсеткіші 92,1 балл болса, республика бойынша орта көрсеткіш 79,4 балл деңгейінде.

«Алматыда білім саласын жетілдіруге көп мән беріледі. Қала бюджетінің 20% осы салаға жұмсалады. Балабақшалар, мектептер салынып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдердің материалдық жағдайы жақсаруда. Мұның бәрі жақсы нәтиже беруде. Әдеттегідей шаһар түлектері ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетті. Сондықтан, ерекше алғысымды ұстаздар мен ата-аналар қауымына білдіремін. Біз сіздердің ұдайы қолдауларыңыз бен ерен еңбектеріңіздің арқасында осындай жетістікке жеттік», - деді Ахметжан Есімов.


Сонымен қатар, әкім биыл жергілікті бюджет қаржысынан 1500 педагог сыйақы алатындығын жеткізді. Олардың ішінде 1000 жас маманға 150 мың теңгеден, білім беруде жоғары көрсеткішке жеткен 500 үздік педагогқа 300 мың теңгеден беріледі. Өткен жылы мұғалімдердің сыйақысына қала бюджетінен 300 млн. теңге бөлініп, 1000 үздік педагог 300 мың теңге көлемінде сыйақы алды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда түлектердің 77 пайызы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеді, ал республика бойынша бұл көрсеткіш - 52%. 78 оқушы 120 балл алса, №90 лицейдің түлегі Анастасия Яковлева 125 балл жинады.
«Жас түлек» фестивалі мектеп бітіруші түлектердің вальсі мен өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.