Алматыда әкесі таспен ұрып, жолға тастап кеткен бала ауруханадан шықты

Алматының Шығыс айналма жолынан бас жарақатымен табылған төрт жасар бала ауруханадан шықты, деп хабарлайды Первый канал "Евразия".

"Толық емдеуден өтіп, массаж және реабилитация курстарын алды. Баланың хәлі күн санап жақсарып келеді. Өзі жүріп, сөйлей бастады, онымен логопед жұмыс істеді. Бүгін баланы ауруханадан шығардық. Реабилитацияның екінші кезеңі үш айдан соң басталады", — деп мәлімет берді №2 клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмыстары бойынша орынбасары Аида Аханбекова БАҚ-қа.

Жарты жылдан соң балаға тағы бір операция жасалып, бас сүйегінің консервіленген бөлшегі қайта салынады.

16 шілдеде полицияға түскен мәлімет бойынша, баланы көлік қағып, жүргізуші бүлдіршінді көрпеге орап, жолға тастап кеткен. Төрт жасар Мұхаммед бірден аурухана жеткізілді. Жағдайы өте ауыр екені хабарланған болатын. Оған операция жасалды. Полиция екі аптадан астам уақыт бойы жол апатына айыпты жүргізушіні іздеді. Алайда өткен сәрсенбі күні ішкі істер департаменті Мұхаммедтің әкесінің өз кінәсін мойындаған видеосын жариялады. Ол тіл алмаған баласының басынан таспен бір қойып, осы уақыт бойы полиция мен бүкіл халықты алдап келген екен.