Алматыда «Алаштың Ақан серісі» дәстүрлі әндер кеші өтті

Шараны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе ұйымдастырды. Кештің мақсаты жас ұрпаққа көрнекті композитор, ақын, әнші Ақан серінің шығармашылық мұрасын насихаттап, ұлттық рухын оятуға бағытталған.

Кештің салтанатты ашылуында сөйлеген филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев Ақан мұрасының әлі күнге ашылмаған қырлары барын атап өтті. «Ақан туралы айтылар әңгіме мұнымен бітпейді. Ал бүгінгідей жастардың осы ұлттық өнерімізді насихаттауға белсенді атсалысып жатқандары бізді қуантады», деді ғалым.
Кешке Қайрат Байбосынов, Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Ардақ Исатаева, Сәуле Жанпейісова секілді дәстүрлі ән шеберлері мен жас әншілер қатысты.
Кеш барысында Ақан сері жайында түсірілген деректі фильм көрсетілді. Ән кешінде сері Ақанның «Сырымбет», «Мақпал», «Көкшетау», «Құлагер», «Құлагердің желісі», «Қараторғай», «Көкжендет», «Шамши қамар» және «Маңмаңгер» секілді әйгілі әндері шырқалды.
«Бізге бұл шаруаны атқару оңайға соқпады. Алайда шараны ұйымдастыруға қатысқан жастардың ынта-ықыласының арқасында жүзеге асты. Біз алдағы уақыттарда ән атасы Біржан сал мен басқа да әншілердің, сондай-ақ жырауларымызға арналған кеш өткізуді қолға алғалы отырмыз», деді аталмыш шараның ұйымдастырушысы, «Адырна» ұлттық-этнографиялық сайтының бас редакторы Арман Әубәкір.