Алматыда алаяқтар сақтандыру компанияларын 12 миллион теңгеге алдап кеткен

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Соттың мәліметінше, 2017 жылдың наурыз айында Б. мен У. өздерінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында "АСКО", "Лондон-Алматы", "КК ЗиМС "Интертич", "Аманат" Сақтандыру компаниялары АҚ-ның кеңселеріне келіп, У. сенімгерлік уәкілі ретінде жұмысқа қабылдау туралы арыз жазып, сақтандыру шарттарын бекіту бойынша делдал қызметін жүзеге асыру үшін сенімгерлік құжаттарын бекітіп, сенімгерлік өкілеттігін жүзеге асыру бойынша сенімхаттар алған.

"Одан соң У. уәкіл қызметін жүзеге асыру үшін логин, пароль және қатаң есептегі бланкілерді алады. У. сақтандыру полистерін алған соң, сақтандыру шарттарын жүзеге асыру үшін сақтандыру полистерін ары қарай іске асыру үшін Б. -ға пароль, логин және қатаң есептегі бланкілерін беріп отырған, осы қызметпен өзі де айналысқан. Бастапқыда Б. мен У. уәкілдік қызметін адал атқарып, сақтандыру компаниясының бухгалтериясына ақша сомаларын тапсырып, өздерінің қызметтері үшін 10 пайыз комиссиясын алып жүрген.

Содан кейін У. мен Б. алдын ала сөз байласып, 2017 жылдың 26 сәуірінен 12 мамырға дейінгі аралықта "АСКО" СК АҚ-на 1 226 638 теңге көлемінде, "Лондон-Алматы" СК АҚ-на 3 444 636 теңге көлемінде, "ККЗиМСИнтертич" АҚ-на 6 946 627 теңге көлемінде, "Аманат" СК АҚ-на 479 968 тапқан ақша сомалары мен есептерін тапсырмай, иемденіп, өзара бөлісіп, материалдық залал келтірген", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметіндегілер.      


Соттың  үкімімен У. мен Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша көзделген қылмысты жасауда  кінәлі деп танылып, осы бап бойынша әрқайсысына мүлкі тәркілеумен, сақтандыру қызметі саласында айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінде өтеу тағайындалды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.