Алматыда алданған үлескерлер шу шығарды

«Алдандық» деп ашуға булыққан жұрт бүгін ақыры наразылық шарасына шықты. Барлығы 70 үлескер осыдан 8 жыл бұрын тұрғын үй салдыруға деп қолындағысының барын шығарып «Құрылыс-коммерц» мекемесіне 1 жарым миллиард теңгеден аса ақша жинап берген. Алайда 3 жылда тұрғызылуы тиіс тұрғын үйдің әлі құрылысы да басталмапты.

Үкіжан Кәрімбаева, үлескер:

-8 жыл болды көшеде жүрмін жылап. Қаржы полициясына қанша бардық, ана құрылыс компаниясының, сосын Түбеков деген кісінің әрекетінен,  алаяқтық белгілер табылған жоқ дейді. Өйткені Түбеков кезінде сол қаржы полициясының адамы болған.

Айтқандай,«алдандық» депшағымданған үлескерлердіңбармаған жері жоқ. Тіпті, жоғарғы сотқа да арыздарын жолдаған, алайда еш нәтиже шықпапты.

-Үлескерлердің зарыға күткен 12 қабатты екі бірдей тұрғын үйлері мына екі жерге түсуі керек болған. Алайда іргетасын қалау үшін жерді қазып бір аптадай жұмыс жүргізген құрылысшылар басшыларымен қоса жоғалып кеткен.

Енді амалы таусылған жұрт қоныс тойын тойлаудың орнына, баспаналары салынуы тиіс жер теліміне көз қырларын ғана салып жүр. Көпшілігі кезінде осы жерден үй салдыру үшін несиеге қыруар қаржы алыпты. Енді ол қарыздарын да қайтару керек. Осындай үлескердің бірі – мына әйел. Әбден ашу-ызаға булыққан келіншек бүгін базынасын айта алмай, қан қысымы көтеріліп ауруханаға кетті. Ал мына кісілер ұлына бір бөлмелі пәтер алып бермек болып мердігер компанияға 140 мың доллар берген.Енді, міне, не баспана жоқ, не ақша жоқ.  


Ерге Дүйсенбаев, үлескер:

-Мен кезінде ақшамды сұрап құрылыс компаниясына барғанмын. Сол кезде олар ақша жоқ, мына касканы ал, ол 140 мың доллар тұрады деп мазақ қылып кигізіп, артынан қуып жіберді.

Тұрғын үйді қатырып тұрып саламыз деп жұртты далада қалдырған «Құрылыс-коммерц» мекемесі басшыларының қазір қайда екендігі белгісіз. Кеңселерін де жауып тастапты. Енді алданған үлескерлер жауапсыз компанияның жазаға тартылғанын қалайды. Ал олай болмаған жайдайда ақырғы шараларға барамыз деп бел буған.