Алматыда Әлкей Марғұлан мен Кемел Ақышевтың зерттеулерінен сыр шертетін көрме ашылады

Көрмеге академик Әлкей Марғұлан мен профессор Кемел Ақышевтің жеке заттары, құжаттары мен марапат белгілері, ғалымдардың ғылыми-зерттеу, ұйымдастырушылық қызметін, әрі Қазақстан археологиясының дамуына қосқан үлестерін айғақтайтын музей қорындағы материалдар мен фотосуреттер қойылатын болады. Келушілер назарына сондай-ақ, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ізденістері барысында жиналған неолит және қола заманның жәдігерлері, Атасу, Ақмая, Мыржық қоныстарынан табылған заттар, Отырартөбе қаласындағы қазбалардан жиналған дүниелер, К. Ақышев басқарған экспедиция жұмыстарының нәтижесінде анықталған сақтар мен үйсіндердің және орта ғасырлардың ескерткіштері, тасмола мәдениетінің жәдігерлері (ерте темір ғасырының ескерткіштерінен) ұсынылатын болады. Сонымен қатар, көрме экспозициясына қазба жұмыстарының панорамасы, жартас бетіндегі суреттер, археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері қойылмақ.

Академик Әлкей Марғұланның (1904-1985) зерттеулері археология, этнография, филология, қазақ халқының мәдениеті, өнер тарихы сияқты түрлі салаларды қамтыды. Ол өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді іздестіріп, зерттеу шараларын қолға алды. Жетісу, Оңтүстік, Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі қала мәдениетінің орындарын анықтап, Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты гүлденген отырықшы тұрмыс орталықтарының болғанын дәлелдеді.

Қола дәуіріндегі ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетінің ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарына Ә. Х. Марғұлан 30 жыл бойы жетекшілік етті. Қола дәуірінде Орталық Қазақстан ірі өркениет ошағы болып мұнда бірегей Беғазы-дәндібай мәдениеті қалыптасқанын ғылыми негізде дәлелдеді.

Кемел Ақышев (1924-2003) Қазақстан археология ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті археолог, ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1955-1989 жылдары К. Ақышев ҚазКСР Ғылым Академиясы, тарих, археология және этнография институтында археология бөлімінің ғылыми зерттеу, экспедициялық жұмыстарына жетекшілік етті. 90 жылдардың соңында ғалым Орталық Қазақстан аумағындағы ескерткіштерді зерттеп, 1998 жылы Бозоқ қалашығын ашып, 1999 жылы қазба жұмыстарын бастады, ал 2000 жылдан бастап ол Еуразия археологиясында жаңа бағыт болып саналатын сатылы-типті үрдістегі «дала өркениеті» тұжырымдамасын дәйектеу, әрі Қазақстанның далалық аудандарындағы қала мәдениетін зерттеумен айналысты.

К. Ақышев бүгінде әлемге танымал Бесшатыр қорымындағы сақ пирамидаларын, «Алтын адам» жерленген Есік обасын, аңызға айналған Отырар қала жұртын, ежелгі және көптеген ортағасырлық мәдениет ескерткіштерін анықтап, қазба жұмыстарын басқарды. Ол ғылыми қызметінің жарты ғасырға жуығын ежелгі тарих, көне дүние және орта ғасырлар археологиясы мәселелерін зерттеу ісіне арнады. 200-ден аса ғылыми еңбек, 15 монографияның авторы К Ақышевтің аты «Қазақстанның Құрмет Алтын кітабына» енгізілген.