Жоба жетекшісі Алматы әкіміне автоматтандырылған жалға беру стансасының артықшылығын айтып берді.
Велосипедтер құрылғысы вандалдардан қорғалған. Дөңгелектері сапалы, темірі автоөнідірсте қолданылатын технология бойынша хромдалған. Астанада станса ашылғалы бірде-бір велосипед ұрланбағанын айта кету керек.
««Самұрық-Қазына» қорына қаламен әріптестік орнатқаны үшін алғыс айтамыз. Бұл мемлекеттік және жеке серіктестік негізінде жүзеге асып отыр. Біздің қаламыз жасыл-желекті болғандықтан олардың түсінің де осы реңдес болғаны жақсы. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қаламыздың 1000 жылдығында шаһар тұрғындарына осындай тамаша сыйлық жасалып отыр. Алматылықтар мәдениеттілік танытып, сындыруға, вандалдыққа жол бермейді деген үміттемін. Қала тұрғындары велосипедпен көбірек жүреді деп сенеміз»,- деді Бауыржан Байбек.
Айта кетейік, Алматыдағы аталған станса велосипедтерімен жүруге ерекше жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда, алғашқы жарты сағат тегін қыдыруға болады. Бірақ, велопаркты пайдалану үшін клубтық карта болуы керек. Картаға абоненттік төлем жылына - 10 000 теңге, айына - 1000 теңге.
Бір стансадан екінші стансаға жету қашықтығы 10 минут. Жоба авторлары бұл қадам қаладағы транспорт жүктемесін азайтуға үлес қосады деп сенетінін айтты.
«Біз үш жылдан бері Bike Sharing жобасымен жүрміз. Үш қалада өз жобамызды жүзеге асырдық. Ең бірінші Астанада аштық. 2016 жылдың жазында Шымкентте велостансалар жұмысын бастады. Міне, қыркүйекте Алматыда жоба нәтижесін ұсынып отырмыз. Идея 2012 жылы пайда болған. Сонда мұның жүзеге асуы ертегі сияқты көрінетін. Біз әр қалада жергілікті билік өкілдерімен келісмшарт, меморандумар жасасамыз. Жобаны Астана мен Шымкент тұрғындары ұнатты, енді алматылықтар арасында да танымал болады деген үмітіміз бар», - деді «Samruk Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Лима Диас.
Бүгін күн соңына дейін қалада барлық 50 станса ашылады. Онда 275 велосипед бар. Стансалар қаланың орталық аудандарында орналасқан. Алғашқы кезеңде қаланың 23 шаршы шақырым аумағы қамтылады. Екінші кезеңде 1500 велосипед алынып, тағы 150-ден астам станса ашылады. Үшініші кезеңде алып шаһарымзда 300 станса болмақ.