Алматыда "Алтын алма" жәрмеңкесі өтіп жатыр


4 - 6 қазан аралығында өтетін бұл көрме-жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнер суретшілерінің көптеген шығармалары ұсынылған. 

"Күз мезгілі суретшілер, мүсіншілер, қолданбалы өнер шеберлерінің шабытын оятып,  шығармашылық серпіліс  береді. Алма тек Алматы қаласының символы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның көптеген суретшілерінің сүйікті шығармашылық тақырыбы болып табылады. Үйреншікті бір затты әр шебер өз қиялы, ойы арқылы сан алуан түрде жеткізген. Көрмеге қойылатын жұмыстардың негізгі тақырыбтары: натюрморттар мен пейзаждар, акварель, май, графика сияқты техниканың әр түрлерінде орындалған портреттер мен жанрлық көріністер. Шеберлер бұл символды өздері  жасаған зергерлік әшекейлерге, панно, гобелендер, киізден жасалған бұйымдар мен тері, батик бұйымдарында көрсеткен", - делінген хабарламада. 

"Алтын Алма" жәрмеңкесіне Қазақстан мен Орталық Азияның, оның ішінеде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркмения және Ресей шеберлері қатысып жатыр. Көрме-жәрмеңге койылатын заттар әртүрлі. Алматылықтардың назарына авторлық әшекейлер, киім, сәнді сөмкелер мен косметикалық сөмкелер, бижутерия, дизайнерлік ойыншықтар, қыштан жасалған заттар, сабын және интерьер заттары, кәдесый өнімдері, жібек, киіз, былғары бұйымдары, музыкалық аспаптар, шығыс миниатюрасы, керамика, тоқыма заттар ұсынылуда.  

Ұйымдастырушылар мұндай қолөнер көрме-жәрмеңкелері Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуда үлкен маңызға екендігін айтады. 

"Көрме-жәрмеңке шеңберінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сүйене отырып, жарияланған Жастар жылы  аясында мектеп оқушылары, көркем колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында  "Дәстүрлі ұлттық өнерге заманауи көзқарас" атты республикалық байқау  өтеді", - делінген хабарламада.