Алматыда "Алтын қалам" баспасының тұсаукесері өтті

Бас мүфти Ә.Дербісәлінің айтуынша, елімізде Исламның парыз, қағидаларын түпнұсқадан тікелей қазақша түсіндіріп жаза алатын кәсіби дінтанушылар саусақпен санарлық. Осындай бір жас маманды дінбасы Мысырдағы студенттер арасынан тауып алған. Мысырдағы әл-ӘзҺар университетін қазақ жастарынан бірінші болып толық бітірген Қайрат Жолдыбайұлын бас мүфти ҚазМУ-не алғашқы аспирант ретінде қабылдағанын хабарлады.

Жас қаламгер Анкара университетінде Құран ілімі бойынша докторлық қорғаған Мұхиддин Исаұлымен бірлесе отырып 2003-жылы Исламның негізгі парыздарын қамтығын "Ислам ғылымхалы" атты кітап жазып шығарған.
"Алтын қалам" баспасынан бас мүфтидің тікелей басшылығымен, діни басқарманың тапсырмасы бойынша "Құран кімнің сөзі", "Ақиқат шуағы", "Саңлақ сахабалар", "Құран әліппесі және тәжуид қағидалары", "Адамзаттың асыл тәжі" сынды еңбектер жарық көрді.
Сөйтіп, бұрын тек араб, түрік, кітаби түрік-шағатай тілдеріндегі және сол тілдерден тәржімаланған діни кітаптардан рухани азық іздеп, имандылыққа бетбұрған халқымыздың ана тіліндегі исламға қатысты кітаптарға деген өскелең сұранысын жаңа баспа қанағаттандыруға құлшыныс танытып отыр.
Жалпы ислам дінінің негіздері мен қағидалары, шариғат үкімдері туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар - "Шариатул исламды" 1889 жылы Ыбырай Алтынсарин, ал "Мұсылмандық шарттары" атты кітапты 1911 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы жазып шығарған.