Қос жинақтың алғашқысы «Қарттарым аман-саумысың?!» деп аталады. Оған шетелдік рок пен қазақы дәстүрлі аспаптардың қосылуымен әрленген 11 ән кірген. Жинақты жазуға белгілі өңдеуші Руслан Бұтабаев атсалысқан.
«Сәлем» деп аталатын екінші жинаққа рок-фолк бағытындағы 12 ән кірген. Белгілі сазгер, өңдеуші Оралхан Садуақасовтың өңдеуімен жазылған әндер қазақи дәстүрлі және заманауи музыкалық аспаптардың қосылуымен әрленген. Қос альбом Қазақстанда бұл бағытта жазылған әзірше санаулы жинақтар қатарында.
Әншінің айтуынша, екі альбомға «Үркер» тобынан бөлініп шығып, жеке шығармашылықпен айналысып жүрген уақытта жазылған әндері кірген. Альбомдар алдағы уақытта «Меломан» дүкендер желісінде сатылымға түспек. Одан түскен барлық қаржы балалардың денсаулығын қорғаумен айналысатын «Аяла» қоғамдық қорына аударылады.
Қос альбомның таныстырылымына қазақстандық өнер жұлдыздары мен әншінің жанкүйерлері, зиялы қауым өкілдері жиналды. Шара барысында музыкант «Zaratushtra Band» тобының сүйемелдеуімен жинаққа енген әндерінен концерт берді. Қазақы бояуы аңқыған кешке «Әжелер тобы» қатысып, әншімен бірге ән шырқады.