Алматыда өткен аптада апатқа ұшыраған автобустағы жүкті әйелдің бет жүзінің сау тамтығы қалмағаны белгілі болды, деп хабарлайды КТК.
Әйелдің шекесі айырылып, түрі кісі шошырлық жағдайда. Одан қалды, іштегі баласы да түсіп қалуы мүмкін. Бірақ дәрігерлер оның жағдайы тәуір деген еді. Ал келіншек апатқа жүргізушінің кінәлі екенін айтып отыр. Оның сөзінше, бұған дейін болған оқиғаны басқа көліктерден көріп келген жігіт автобусты аяғын сыртқа шығарып айдаған көрінеді.
Гүлзира Қырықбаева бір жетіден бері орнынан қозғала алар емес. Аяғы ауыр келіншек автобустың кесірінен осындай жағдайға жеткен.
- Мен көрдім ғой. Сенің қолыңда телефон сен туннелге кіріп келе жатқанда жолаушы апайдың бірі айғай салды. «Телефонды таста» деп. Сенің бір аяғыңды терезеден шығарып отырғанды бәрі көрді. Растай алады, дейді Гүлзира Қырықбаева.
Аяғын автобустан шығарып айдаған жүргізушінің кесірінен енді оның іштегі сәбиіне қауіп төніп тұр екен. Ал өзінің бет жүзі кісішошырлық жағдайға жеткен. Автобус апатынан маңдай терісі айырылып түсіпті. Жүкті әйелінің жайынан әлі есін жимаған Дастан жүгенсіз жүргізуші мен автопарк басшысын жазасыз қалдырмауды сұрап отыр.
- Бір-бірімен автобустар жарысып жүреді. Мал алып келе жатқан сияқты. Үйде балаларым сұрайды «мама қайда ?» деп. Басшылығы мен жүргізушіні жауапқа тартсын, деді Дастан Онбесбаев.
Сөйтсе, автопарк басшылығы зардап шеккен жүкті жолаушының жағдайын да сұрап келмеген екен. Гүлзира Қырықбаева отырған автобус өткен аптада Райымбек және Сүйінбай даңғылдарының қиылысында бетон қабырғаға соғылған. Ал жүргізуші болған жайттты басқа көліктерден көрген болатын.
- Жарысып ондай ештеңе болған жоқ. Кішкене кезімнен автобуста кондуктор боп істедім. Рөлде көптен бері келемін, дейді автобус жүргізушісі Әкімжан Шәмиев.
Ал автопарк басшылығы жүргізуші жұмыстан қуылады дегенімен, өздеріне шаң жуытпай отыр. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі деп те айтты. Бірақ, жарақат алған жүкті жолаушының жағдайын білмек түгілі, ауруханада жатқанынан да хабарсыз боп шықты.
- Қай ауруханада жатыр? Қазір адам жіберемін. Қандай көмек керек, бәрін көрсетеміз. Емдейміз деді «Green bus company» ЖШС директоры.
Ал терезеден аяғын шығарды дегенге автопарк басшылығы сол күйі сенген жоқ. Айтуынша, жолаушының айтып отырғаны өтірік екен. Енді оқиғаның анық-қанығын тергеушілер анықтайтын болады.