Тихоненконың қолына кісен жыл басында салынған болатын. Құзырлы орындар Алматы әкімдігінен қарайтын баскетбол клубының жаттықтырушысы қазына қаржысын сайыстарға бару үшін емес, жеке басына жұмсағанын айтты. Бірақ бұл айыппен Игорь Тихоненконың әріптестері келіспей отыр. Айтуларынша, баскетболшылардың айлығы 94 мың теңге екен. Бұған қанағат қылар спортшы жоқ. Сол себепті іссапарға деген қаржыны Тихоненко жалақы қып төлеген.
Александр Шестернев,"Алматы"БК бұрынғы директоры:
-Жарыстарға қатысу үшін клуб бюджетінен қаражат алдық. Бірақ түрлі себептермен 2-3 сайысқа бара алмадық. Сондықтан алынған ақшаны ойыншылардың жалақысын төлеуге және легионерлердің пәтерінің жалдау құнын төлеуге жұмсадық. Тіптен Игорь Тихоненко ақша жетпегенде өз пәтерін сатып жіберді, мен үйімді кепілге қойдым.
Осылайша клуб абыройы үшін артық қылам деп тыртық қылып алған бұрынғы бас жаттықтырушы қазір тергеу изоляторында отыр. Заманында “Алматы” баскетбол клубында ойнаған шетелдіктер айлықтарын уақытында алғандығын, Тихоненкоға артар тілдей айыптары жоқ екенін жар салып жазуда екен. Бірақ шу шыққалы клуб ойыншылары да тарыдай шашылып өздеріне жылы жер іздеп кетіпті. Қалғандары қамаудағы жаттықтырушыға болысуда.
Антон Котенко, “Алматы” БК ойыншысы:
-Негізгі қаржыландыру ақпан айында болатындықтан желтоқсан, жыл басында айлық кешігеді. Бірақ алдын ала ойыншыларға ескертіліп артынша ақшамыз түгел төленетін. Сондықтан жаттықтырушымыз клубтың ақшасын мақсатсыз жұмсады дегенге сенбейміз.
-Жақсы ойыншыға жөні түзу айлық алып берем деп шатылған бас жаттықтырушының ісі қазір сотқа жеткен. Құқық қорғау орындары оның мойнына 1 млн теңгеден астам қаржыны іліп отыр. Ал “Алматы” баскетбол клубының қазіргі басшылығы Игорь Тихоненко мен бұрынғы директордың ұжымға келтірген залалын еселеп, есті шығаруда. Олар кемі 16 миллион теңгені айыпталушы тарап клуб қазынасына құйсын дейді. Құжаттарды тергеу орындарына өткізіп те қойған.