Алматыда «Әсем киім - әйел көркі» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Кешке иісі мұсылман жамағат көп жиналды, кешеннің ішінде ине шаншар жер болмады. Шараны еліміздің Бас мүфтиі, хазірет Әбсаттар қажы Дербісәлі ашып, байқаудың мән-маңызы жайлы қысқаша баяндама жасады.

«Ұлттық айшықтағы заманауи киім үлгілерін тіктіру арқылы тек мұсылманшылыққа бет бұрған қыздардың мәселелері шешіліп қана қоймайды. Сонымен бірге қазақылығымызды насихаттауға, нығайтуға үлкен мүмкіндік болады. Бұл арқылы ең әуелі біз қыздарымызды қазір жаһанды жайлап жатқан жалаңаштану саясатынан сақтап қаламыз. Ұлттығымызды сақтап қалудың бір жолы - ұлттық киімдерімізді кеңінен насихаттау. Тек насихаттау емес, оны күнделікті өмірде киіп жүру. Діни басқарманың қолға алып отырған ісі кешегі жоғалтқан құндылықтарды қайта жандандырудың, мұсылмандық парызымызды орындаудың әрекеті. Осы шара арқылы иманын ойлаған аяулы қара көздердің киім жайлы мәселелерін шешуге үлес қосқан болсақ, мақсатымыздың орындалғаны», - деді Бас мүфти шараның ашылуында.

Естеріңізге сала кетсек, республикалық байқау биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бастамасымен екі ай бұрын басталған болатын. Оған еліміздің сән шеберлері, дизайнерлер, танымал сән үйлері қатысты. Талап бойынша, байқауға мұсылман қыз-келіншектерге арналған шариғат талабына сай, қазақы нақыштармен әрленген, қоғамдық орындарда күнделікті киіп жүруге жеңіл, әрі ыңғайлы киімдер қатыстырылды. Бас жүлдеге - 750 000 теңге, І орынға - 500 000, ІІ орынға - 400 000, ІІІ орынға - 300 000 тігілген болатын. Бұнымен қатар, ұйымдастырушылар 150 000 теңгеден бес адамға ынталандыру сыйлықтарын жариялаған еді.

Сарапшылардың айтуынша, байқауға көрікті де, келісті, шариғатымызға да, заманымызға да сай, киіп жүруге де ыңғайлы 70-тен аса киім үлгілері келіп түскен.

Қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша, сонымен, алғаш рет ұйымдастырылған байқаудың Бас жүлдесіне «Ерке-Нұр» сән үйінің киім үлгілері лайық деп танылды. Оның президенті Фарида Мерхамитқызына еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі бас бәйгенің - 750 мың теңге жүлдесі мен арнайы дайындалған сый-сыяпаттарды табыстады.

І-орынды жас дизайнер Гүлжан Рысбекова жеңіп алды. ІІ-орынды «Сымбат» сән академиясының студенті Зульфия Ақатаева мен «Алтын Арқау» мәдени-этнографиялық бірлестігінің төрайымы Ғалия Қайдауылқызы өзара бөлісті. ІІІ-орынды еліміздің сән шеберлері - Майра Ахметова, Тоғжан Рымбаева және Назгүл Семғалиева жеңіп алды. Бұнымен қатар, байқауға қатысқан бес дизайнер - Айша Кеңесбай, Динара Парманова, Индира Биртубаева, Досжан Гүлқайша, Фатима Бизақова ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтармен қатар, демеушілердің арнайы сыйлықтары табысталды.

Кеште Ескендір Хасанғалиев, Жәкен Омаров, Сержанәлі Әлібек сынды Қазақстан эстрадасының әншілері, «KZ» және «Меломен» топтары өнер көрсетіп, діни әндер орындады.

Байқау - «Мейірімділік жолы - 2010» қоғамдық қорының бас демеушілігімен өткізілді.