Алматыда ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылды

Алматыда Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы, бұрынғы НКВД ғимараты алдындағы саябақта 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуы 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болды, деп хабарлады Азатттық радиосы.

Әкімдік ұйымдастырған шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ақын-жазушылар, құрбандардың ұрпақтары жиналды.

Ескерткіште қолына арып-ашып, өлімші халге жеткен баласын көтеріп тұрған, басы төмен салбыраған ана мен талқандалған қазан-ошақ бейнеленген.

Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов Азаттыққа берген сұхбатында 20 ғасырда қазақ халқы үшін үлкен үш нәубет - ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және Ұлы отан соғысы болғанын, соның бірі - ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылғанын айтты.

Әбжанов Азаттық тілшісінің "Ескерткіш не себепті тек 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың құрбандарына орнатылған. 1921-1922 жылғы ашаршылық құрбандарына да да неге арналмаған?" деген сұрағына 1921-1922 жылғы ашаршылық пен 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты салыстыруға болмайтынын айтты.


- 1921-1922 жылғы ашаршылықты зерттеу керек. 1931-1933-ке қойғаны үлкен шаруаның басы. 1921-жылғы ашаршылық құрбандарына да, 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына да ескерткіш қойылады. Екеуі бірдей болады деп ешкім уәде беріп, мойнына алған жоқ. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш те ашылады. Ең бастысы - тәуелсіздік алдық, мұндай болады деп 74 жылда түсімізге де кірген жоқ. Осыған да тәуба деу керек, - деді Әбжанов.