Алматыда аштық жариялау акциясына тағы да 12 адам қосылды

"Аштық жариялау түріндегі наразылық акциясын Әл-Фараби - Розыбакиев - Қожабеков - Гагарин көшелерінің тұрғындары 16 мамырда бастаған. Бүгінгі жағдаймен 9 адам акцияны жалғастыруда. Бірақ билік бүгінгі күнге дейін айтарлықтай келісімге барған жоқ. Кешеден бері осы көшелердің квадратында жаңа аштық жариялау ошағы пайда болып, тағы да осындай талаппен 12 адам аштық жариялады", - деді А. Құрманов.

Қазір аштық жариялаушылар "мәжбүрлеп көшіру жөніндегі сот шағымдарын кері шақырып алуды немесе тым құрыса сот процессін тоқтатуды талап етуде".

Аштық жариялаушылар өз талаптары орындалғанша шараны жалғастыра бермекші. Олардың кейбіреуінің жағдайы біршама нашарлап кетсе де, олар алған беттен қайтпақ емес.

Аштық жариялаушыларды қолдаушы "АЗАТ" партиясының өкілдері азаматтардың меншігін тәркілеп алуда азаматтар құқығының сақталуы үшін жауапкершілікті әкім жүктеуге тиіс деген пікірде. Олар сонымен бірге Алматыдағы жер телімдерінің бөліну заңдылығын тексеру қажеттігін талап етуде.

"Алматының бұрынғы әкімдері Виктор Храпунов пен Иманғали Тасмағамбетовтың жер телімдерін тәркілеп алу мәселелеріндегі іс-қызметіне талдау жүргізу қажет. Үкіметтік деңгейде, Бас прокуратураның деңгейінде мұқият тексеру жүргізетін комиссия құру керек. Оның нәтижесі бойынша қылмыстық іс қозғалуы қажеттігі туындауы мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз", - деп мәлімдеді "АЗАТ" партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова.