Алматыда әскери медициналық комиссия төрайымы болашақ полицейден пара алып жатқан жерінде ұсталды


Серік Кешуов осы бір-екі күнде Алматы қалалық ішкі істер департаментіне жаңа қызметке кірісуі керек еді. Жігітке, тіпті, полиция формасы да табысталыпты. Әне-міне, тәртіп сақшыларының сапын толықтыруы тиіс ол, тәулік өтпей жатып, заңды белден басқан. Медициналық анықтаманы 150 мыңға сатып алған Серік, дәрігерге тексерілмей-ақ, пара беру арқылы ісін тыңдырмақ болған. Дәрігер Ақмарал Адаева екеуінің бұл сыбайлас әрекеті төрайымның бөлмесінде тығулы таспаға түсіп қалды. Сөйтсе, ішкі қауіпсіздік қызметкерлері жасырын камералар орнату арқылы өз қызметкерлерін бұрыннан сырттай бақылап отырады екен.