Атагелді Ысмайылов 1922 жылы 27 желтоқсанда өмірге келіп, 2003 жылы 22 сәуірде 81 жасына қараған шағында өмірден озды. 1953 жылы Театр училищесін тәмамдап, еңбек жолын М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан бастады, кейін Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрына ауысады. Онда Алтынсарин ( М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин»), Ғани (Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани»), Қаратай (Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»), Доғал (М.Әуезовтің «Алуа»), Балта (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты»), Шыңғыс хан (О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайды»), Қасымхан (М.Хасеновтің «Қайсар»), Сталин (Ш.Мұртазаның «Бесеудің хаты») сияқты 100-ден астам рөлдерді сомдаған. Қазақ және орыс, әлем киноларын қазақ тіліне аударып сөйлеткен ол сондай-ақ, 1000-дай дубляждық жұмыстарындағы құлаққа жағымды үні арқылы көрермен есінде сақталған.
Ой өрісін шыңдап, шынықтырудан жалықпайтын А.Ысмайылов өнерге, білімге, ғылымға, жалпы айтқанда кітап оқуға жаны құмар жан болған. Осындай ізденімпаздығының арқасында театрда істеп жүріп ҚазМҰУ-ді сырттай оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романына инсценировка жазды, «Алдар көсе» пьесасы мен өлеңдер жинағы шыққан.