Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Базардың жаңа иесін анықтауға арналған алғашқы аукцион 2025 жылдың 18 қарашасында өтуі керек еді. Бастапқы бағасы – 28 639 882 000,00 теңге болды.
Алайда, сауда-саттық басталған сәтте сату нысаны бойынша тіркелген қатысушылар болмағандықтан, аукцион тоқтатылды.
Екінші сауда 2025 жылдың 26 желтоқсанында белгіленді. Бұл жолы нысанның бастапқы бағасы 2 млрд теңгеге арзандап, 26 706 317 643 теңге болды. Алайда осы жолы да аукцион сатып алушы болмағансын өтпеді.
Осы орайда, Kazinform агенттігі «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ына сауал жолдап, ауқымды активті ары қарай қалай пайдалану жоспарланып отырғанын сұрады. Еске салайық, кей жағдайда саудасы өтпеген нысандар мемлекет игілі үшін пайдалануға беріледі. Мысалы, Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы Оқу-ағарту министрлігіне берілгенін жазғанбыз.
Алайда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС «Байсат» базарын сатудан басқа жоспар жоқ екенін хабарлады.
– «Байсат» базары бойынша аукцион екінші рет өтпей қалды, себебі сатып алушылардан бірде-бір өтінім түскен жоқ. Мұндай жағдай ірі әрі ерекшелігі бар нысандарда жиі кездеседі. Біздің ұстаным өзгеріссіз: актив ашық, бәсекелі жағдайда және мемлекет үшін барынша тиімді түрде сатылуға тиіс, - делінген компания жауабында.