Алматыда «Ауылым - алтын бесігім» атты поэзиялық ән кеші өтті

Кешке жас ақындар, қазақ эстрадасының әншілері, сонымен қатар, кітапхана оқырмандары қатысты.

Кеш барысында жас ақындардың отансүйгіштікке, тәуелсіздікке, ауылдың гүлденуіне арналған жыр-өлеңдері оқылып, ауылды қайта түлету мен гүлденуге байланысты келелі ойлар айтылды. Сонымен қатар, эстрада жұлдыздарының орындауларында ауылға арналған әндер шырқалды.

Бұнымен қатар, кеш аясында кітапханада «Ауылым- әнім» атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кеш барысында: "Салт, дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры ауылдарымызда сақталған. Ауыл қазақтың күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да содан бастау алады",-деп атап өтілді.

Аталмыш шара қазан айының «Ауылды қайта түлетуге» арналғандығына орай арнайы өткізілді.