Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 15-сәуір күні екі ер адам "Тойота Лэнд Крузер Прадо" автокөлігін ұрлап әкеткен. Көліктің қолды болғанын білген қожайын полицияға хабар береді. Қала бойынша арнайы операция жарияланды.
Жол полициясы басқармасының жасағы ұрланған автокөлікті Сейфуллин даңғылының маңында байқап қалған. Инспектордың айтуынша, автокөлік кенеттен жолдың қарсы бетіне шығып, "Жигули" автокөлігімен соқтығысқан. "Соққы салдарынан жолдың жиегіне лақтырылған көлік бетон бағанға соғылды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Полицияның ақпаратына сәйкес, тәртіп сақшылары қираған автокөліктің ішінен екі ер адамды алып шықты. "Жүргізуші ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Ал жолаушы жедел жәрдем тобы келгенше қайтыс болды", деп хабарлайды тәртіп сақшылары.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті