Алматыда «Авторлық және сабақтас құқық» туралы ҚР Заңының ережесін түсіндіру жайында жиын өтті

«Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, танымал продюсер және әнші Қыдырәлі Болмановтың айтуынша, аталмыш Заң ережесіне сәйкес тұтынушы коммерциялық мақсатта фонограмма қолданған кезде ақша төлеуге міндетті, ал құқық иеленуші сол сыйақыны алуға құқылы. «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы» РҚБ-ның негізгі мақсаты орындаушылардың ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқару, шектес құқықтардың тиімді қорғау жүйесінің құрылымы және шектес құқықтарға сыйақы бөлу болып табылады», дейді Қ.Болманов.

2005 жылы орындаушылардың құқығын қорғау бағытында құрылған «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ағымдағы жылдың 16-шы сәуірінде ҚР Әділет министрлігінен аккредитация куәлігін алған. «Аккредитацияны алу қазақстандық әншілердің сыйақы жинағын көбейтуге және жұмыстың жоғары деңгейде жүргізілуіне мүмкіндік береді», деп атап өтті өз сөзінде бірлестік төрағасы.
Сонымен қатар ол қазақстандық орындаушылардың мүддесін қорғау үшін Ресейлік бірлестікпен ынтымақтастық шарт жасап, Еуропа, АҚШ, Қытай және ТМД мемлекеттеріндегі орындаушылардың мүддесін қорғайтын ұйымдармен шарттар жасап жатқандығын жеткізді.
«Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы» РҚБ-ға еліміздің танымал әншілерінің 200-ден астамы өздерінің құқықтарын басқаруға сенім білдірген.
Қазіргі уақытта Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана қаласы, Петропавл және Көкшетауда «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы» РҚБ-ның филиалдары жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ жиын барысында әншілер бейне клиптерін теледидар арқылы таратуға өте көп қаржы сұрайтындықтарын айтып, қазақ бейне клиптерін тек түнгі уақытта ғана көрсететіндігіне наразы екендіктерін жеткізді.
Шараға әуен ойнатылатын телерадиокомпаниялар, мейрамхана, қонақүй, фитнес-клуб, сауда-саттық орталықтары мен еліміздің әншілері қатысты.