Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының жетекші лауазым иелері комитетінің отырысы басталды

Бұл аға лауазым иелерінің Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымы министрлерінің кездесуі алдындағы соңғы бас қосуы болмақ. Министрлердің бас қосуы 2004-жылдың қазан айында Алматыда өтеді. Осыған байланысты Комитет жұмысының күн тәртібіне сенім шаралары каталогының жобасын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының хатшылығы туралы ережелер, процедуралар мен тәріптері жобасын, сондай-ақ, министрлер кездесуінің резолюциясы жобасын министрлер кездесуінің қарауына шығару межеленді.

Комитет төрағасы, ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Әбусейітовтың айтуынша, "бүгінде біз көп жақты дипломатия саласында қайта жаңғыру кезеңін бастан кешірудеміз". "Көп жақты дипломатия жалпы халықаралық дипломатиядағы маңызды элементтердің бірі болмақ",- деді ол.
Қазір комитет жұмыс істеп жатқан маңызды құжаттардың арасынан Қ.Әбусейітов сенім шараларының каталогын атады. "Екі жақты қарым-қатынаста күрделі қайшылықтары бар мемлекеттер қазір бізбен жұмыс істеуде",- дей келіп вице-министр : "әлемдік саясаттың дамуына қатысты аймақтың өзіндік ұстанымы бар",- деп атап көрсетті. Каталог дегеніміз- жекелеген мемлекеттер қолдануға әзірлік танытып отырған нақты шаралар. Қауіпсіздіктің әскери жағына көбірек мән берілетін Еуропадағы сенім жүйесімен салыстырғанда, Азияда қауіпсіздік ұғымының аясына әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, экологиялық және экономикалық мәселелер де қамтылады. Осындай кеңейтілген ұғым Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының екі жыл бұрынғы саммитінде бекітілген.
Ал әскери-саяси салада өзара әскери ақпарат алмасу, ел аумағындағы әскерилердің қозғалысы туралы және алдағы әскери оқу-жаттығулар жайындағы ақпаратпен бөлісу, соның ішінде жекелеген елдердің қарулы күштерімен біріккен жаттығулар туралы ақпаратпен алмасу көзделіп отыр. Бұл тәртіптер Еуропада ежелден бері қалыптасып келе жатса, Азияда алғаш рет қолданылмақшы.
Өзара сенім шаралары жүйесін қалыптастыру жұмыстарын бастау үшін мемлекеттерді бұл процеске біріктірудің мейлінше икемді схемасы қабылданды. Каталог бірнеше жеке бөлімнен тұрады. Нәтижесінде әрбір мемлекет жеке бөлімдегі ережелерді немесе құжатты тұтастай жүзеге асыра алады. Қандайбір мемлекет каталог ережелерін орындауға дайын болған жағдайда бұл туралы ол ұйым төрағасын хабардар етеді. "Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Еуропада қол жеткізген нәтижелерімен бірдей нәтиже күту қиын",- деді Қ.Әбусейітов. Азиядағы қауіпсіздік жүйесін құру жұмыстары "бір сатыдан екіншісіне, жеңілден ауырға қарай" баяу қарқынмен болса да ілгерілеп келеді.
Сондай-ақ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының құрылуы нәтижесінде Азияда қалыптасқан ахуалға талдау жасалады. Аймақта мақсаттары ортақ бірнеше халықаралық ұйым жұмыс істеуде. Бұл -лаңкестікпен, экстремизммен және есірткі саудасымен күрес мақсаттары. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше бірнеше ел Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді басқа да ұйымдарға да мүше болып табылады. Сол себепті бұл ұйымдардың өзара бірдей функциялар атқаруына жол бермеуге шаралар қолданылуда.
Комитет жұмысы 19-тамызға дейін созылады.