Алматыда бағдаршамдар жаңаша жұмыс істей бастайды

Хабарламада қазіргі таңда жол қозғалысының автоматтандырылған жүйесін 93 бағдаршам нысанын қосу арқылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылған. 2-ші кезеңде 357 бағдаршамды қосу жұмыстары 2021 жылға жоспарланған.

"Бұл жүйе бағыттар бойынша көлік қозғалысының нақты қарқындылығын, статистикасын, уақытты кері есептеу таблосының жұмысын ескере отырып, жол қиылыстарындағы қозғалысты нақты уақыт режимінде реттей алады.

Екінші кезең аяқталғаннан кейін жүйе қоғамдық көлікке және жедел қызметтер автомобильдеріне абсолют немесе белгіленген (таңдау бойынша) басымдық бере отырып, көлік ағындарын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, аталған жүйе жол қиылыстарындағы жүктемені нақты уақыт режимінде көріп, жағдайды түзей алады.

30 бағдаршам нысанының және 70 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысына, сондай-ақ 70 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелін LED-жарықтандырумен жабдықтауға және бейімделгіш басқаруы бар 14 бағдаршамның құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр", - деді Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.


Алматы қаласының әкімшілік полициясы жол-көлік оқиғаларын талдау негізінде келесі бағдаршам нысандарына қосымша секция орнатуды ұсынады: Абай даңғылы - Тілендиев көшесі, Абай даңғылы - Тұрғыт Озал көшесі, Райымбек даңғылы - Емцов көшесі, Рысқұлов даңғылы - Жангелдин көшесі.