Алматыда балабақшадағы жантүршігерлік апатқа кінәлі әйел тежегіш пен газды шатастырып алған

Жантүршігерлік жағдай Таугүл ықшамауданындағы № 58-ші балабақшада болды. Еш алаңсыз ойнап жүрген балғындарды Лэнд Крузер келіп мыжып кеткен. Тізгінде болған әйел тежегіш пен газды шатастырғандықтан қоршауды қиратып кіріпті сол кезде. Қапыда көлік асытында қалған 5 жасар бүлдіршін оқиға орнында көз жұмса, тағы 9-ы ауыр жараланған.

Наталья Сидорова, оқиға куәгері:

-Мен көшеде келе жатқанда болды барлығы. Өз көзіммен көрдім. Көлік балабақшаға кіргенде жүгіріп бардым сол жерге. Қансырап, жылаған балаларды көріп жүрегім ауырып кетті. Рөлде болған әйел шығып алып кешірім сұрап жүрді.

Артынан дереу жедел жәрдем жетіп, балғындарды ауруханаға әкетті. Ал, ата-аналар мен тәрбиешілер болған жайтқа сенбей есеңгіреп қалды. Бүлдіршіндер де, күнде жанында жүрген қыздың қазасын көріп шошынып қалған. Негізі ойын алаңына джип баса көктеп кіргенде кіргенде бастырма астында 26 бала ойнап жүрген екен. Қайта қалғандары құдай сақтап аман.

-Тәрбиеші қоңырау шалып, оқыс жағдай болғанын айтты. Алып ұшып осында жеттім. Менің балам да сол жерде болған. Құдай сақтапты.

Ал, көлік астында қалған балғындардың екеуінің жағдайы ауыр. Басынан оңбай жараланып, аяқ-қолдарын сындырған бүлдіршіндер жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған жетеуі де ұзақ уақыт дәрігерлердің бақылауында болуы керек.


Бағдагүл Әбдірәсілова, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-Барлық тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Балалар қазір аналарымен бірге осы клиникада ем қабылдап жатыр. Және ата-аналармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қажет болса, өзге де ем шараларды қолданамыз.

Ал, 5 жасар бүлдіршінді жазым етіп, 9-ын аурухана кереуетіне таңған жүргізуші әйел қазір уақытша қамау абақтысында. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Енді тежегіш пен газды шатастырған ол, 5 жылын темір торда өткізуі мүмкін. Оның үстіне былтыр түзету енгізілген заң бойынша, кісі қағып өлтіргендер марқұмның туыстарынан кешірім алса да жазадан қашып құтыла алмайды.

Loading...