Алматыда балалар мерекесіне орай тегін медициналық тексерулер мен акциялар өтіп жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметінше, акция аясында балалар мен олардың ата-аналарына педиатрлар, стоматологтар, травматологтар, инфекционистер, невропатологтар, оториноларингологтар, акушер-гинекологтар және басқа да бейінді мамандар тегін кеңес беруде.

Іс-шараларға штаттан тыс бас мамандар, жетекші сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысып жатыр.

Мүгедектігі бар және диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше назар аударылған.

– Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін үй жағдайында көшпелі тексерулер ұйымдастырылып, консультациялық көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар қаладағы медициналық мекемелерде профилактикалық акциялар, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған кездесулер, сурет байқаулары, спорттық жарыстар және мәдени іс-шаралар өткізілуде.

Бастамаға салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтары да қосылған.

Балаларды қорғау күні аясында Алматыда бірқатар жаңа құзыреттер орталықтары да ашылады.

Атап айтқанда, Қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында Балалар инфекциялық аурулары бойынша құзыреттер орталығы жұмысын бастайды.

– Орталықтың қызметі мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіруге, телемедицина технологияларын дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және үздік клиникалық тәжірибелерді енгізуге бағытталады, – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында және №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында да жаңа құзыреттер орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің физикалық, психикалық және репродуктивтік денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.