Алматыда Балхаштың проблемаларына арналған екінші халықаралық форум өтеді



Шараның мақсаты - Іле-Балхаш өңірі мен Балхаш көліндегі экологиялық проблемаларға халықаралық қауымдастық пен қоғам назарын аудару және көлдің экожүйесін сақтап қалу шараларын дәйектеу.
Форумға Қытай және Қырғызстандық мамандармен бірге Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстық әкімшіліктерінің өкілдері, халықаралық және бейресми ұйымдар, БАҚ-тар мен эколог-сарапшылар, ғалымдар мен студенттер қатысады.
А.Самақованың айтуынша, алдағы форумда талқыланатын маңызды мәселенің бірі - Қытай жағы тарапынан аймақтағы тұрақты даму бағдарламасына қатысты шешім қабылдау болмақ. "Бассейндегі су балансы мен оның экожүйесін сақтап қалу көбінесе Қытай аумағынан келетін судың көлеміне тікелей байланысты",- деді министр.
Атап айтсақ, Қытайдың суармалық мақсатта Іледен алатын су көлемін 3,64 есе арттыруды жоспарлауына эколог мамандар алаңдаушылық білдіреді. Бұл қадам Іле-Балхаш бассейні мен Балхаш көлінің жалпы ахуалына айтарлықтай әсер ете алады.
"2000-жылы Қытай аумағында жиналған Іле суының көлемі 15,09 текше шақырым немесе жалпы көлемнің 77 процентін, ал Қазақстан аумағындағы су көлемі небәрі 4,48 текше шақырымды құраған. Іленің Қытайға қарасты бөлігінде жылына 4,42 текше шақырым су алынады немесе ысырап болады",- деді А.Самақова.
"Бұл проблемаға қатысты Қытаймен арадағы келіссөздер үздіксіз жүргізіліп келеді. Бірақ ол жақ мәселенің шешімін тағы бір жылға кейінге шегеріп отыр. Біз бұл жолы да 100 процент мәміле жасалады деп кесіп айта алмаймыз",- деді қоршаған ортаны қорғау министрі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті