Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, Алматыға келген ұшақтың бір жолаушысы кезекші бөлімге ішінде төрт пластикалық банк карточкасы салынған әмиянын жоғалтып алғанын хабарлаған. Банктің қауіпсіздік қызметімен хабарласқан полиция белгісіз біреулердің карточканың көмегімен шоттан 3 млн теңгені алып үлгергенін естіп біледі.
Полиция күдікті ретінде әуежайда тазалаушы болып істейтін әйел мен оның күйеуін ұстады. Тәртіп сақшыларының жорамалына сәйкес, "ұшақтың салонын тазалау барысында әйел ішінде пластикалық карточкалары мен олардың пин-кодтары бар әмиянды тауып алған". Әлгі әйел күйеуімен бірлесіп бір карточканың көмегімен шоттан аса ірі көлемдегі ақшаны алған.
"Қазір әйел ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылып, күйеуі уақытша тергеу абақтысына тоғытылды", деп хабарлайды полиция. Ұрлық дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 175 бабының 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті