Алматыда барахолка саудагерлері жолды жауып, наразылықтарын білдірді

Жүзден астам саудагер бүгін осылайша тас жолды жауып, шу көтерді. Айтуларынша, жергілікті билік күнде ертең деп жанып кеткен базар орнын тазалауға асығар емес. Бірақ жол үстіндегі наразылық ұзаққа барған жоқ.

Ашуы шегіне жеткен жұрт зардап шеккендер тізімінде небәрі 176 сауда орны тіркелді деп аудан әкімін бас салды. Үш базарды қоса есептегенде, бес жүзге жуықтауы керек екен. Сонымен қатар өздерінің заңсыз жерде жұмыс істеп келгенін кеше ғана білдік деген кәсіпкерлер жауаптыдан жауап алуға тырысты.

Өзіміз барлығын алып кетер едік. Өртемеу керек еді. Айту керек еді, алып-шығып кетіңіздер, біз бұл жерді бұзамыз деп. Олай айтқан жоқ қой!

- Бір жыл болды ғой айтқанымызға.

- Айтылған жоқ. Бізге қағаз әкеп бердіңіздер ма? Ешқандай қағаз болған жоқ.

Қытайдан тауар алып, көтерме базарда саудалаған жандар қыруар шығынға батқанын айтуда. Бірнеше нүктеде орналасқан дүниелерінің бірі жанса, екіншісі жарамсыз болып қалған.

Раиса Орынбаева, Саудагер:

Міне, бір қатарымыз жанды, екіншісі – «Олжада» тауарымыз су болып жатыр. Оған қаншасыншы күн болды кіргізбей жатыр. Дұрыс па?! Оны не істеймін енді?!

Алдын-ала болжам бойынша өрттің шыққан жері «Олжа» базарының екінші қатарында орналасқан мына контейнер. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында от тұтанып, қызыл жалын бірнеше минуттардан соң өзге сауда орындарына ауысқан көрінеді. Саудагерлердің сөзіне қарағанда, базар іші қою түтінге оранса, тілсіз жау жолындағы дүниенің барлығын жайпап өткен. Температураның соншалықты жоғары болғандығын темір конструкциялардың балқып кеткендігінен көруге болады. Ал контейнерлер ішіндегі дүниенің тек күлі ғана қалды. Қыруар қаржыға алынған аяқ киімдерден қалғаны осы ғана.

Ал құзырлы орындар сауда орындарын қалпына келтіру мүмкін емес деп отыр. Контейнерлердің барлығы іске аспайтындай болып бүлінген. Жаңасын салуға болмайды. Өйткені бұл базарлар «қызыл линия» бойына заңсыз салынған деген шешімді сот былтыр шығарып қойыпты. Сондықтан әкімдік саудагерлерге қазірше өзге жерлерден орын ұсынуда.


Талғат Разақов, Жетісу ауданының әкімі:

- Сіздерге әкімшіліктен біз орын дайындап беріп отырмыз. Барамын десеңіздер «Аягөз», «Адем» бар. Кім қайда барғыларыңыз келсе Жетісу ауданының әкімдігіне келіңіздер. Сол жерде шешіледі.

Айта кетерлігі «барахолканың» өртенуіне байланысты бірдей екі қылмыстық іс қозғалған. Ал тергеу жұмыстары мен тиісті сараптамалар жасалғанша ішке кіру де, сауда жасау жайлы мәселе көтерілмейтіндігі анық.