Алматыда бас қосатын сарапшылар Қазақстан Республикасының ұлттық мүддесі және жаҺандану қатерлері туралы талқылайды

Бас қосу ҚР ұлттық мүддесінің түрлі қырларына қатысты жалпытеориялық көзқарастар мен тәжірибелік нұсқауларды талқылауға, республиканың ғаламдану жағдайындағы ұлттық мүддесін кешенді зерттеу және стратегиялық тұрғыдан талдауға арналады.

Конференцияның басты мақсаты - Қазақстанның іргелі ұлттық мүддесін айқындау, Қазақстанның ұлттық мүддесіне қазір төніп отырған және алдағы уақытта төнуі мүмкін қатерлердің бет-пердесін ашу, дамушы рыногы бар ел ретінде Қазақстанның алдында тұрған жаҺандану қатерлерін зерттеу, ұлттық мүдделерге төнетін қауіп-қатерден қорғану туралы нақты шараларды жобалап, ұсыныстар әзірлеу, жаҺанданудың әлеуметтік-экономикалық зардаптарын бағалау болып табылады.
Сондай-ақ, конференцияда Қазақстанның геосаяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси, интеллектуалдық-ғылыми мүддесі секілді мәселелер де талқыланады.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, "жаҺандану процессі қазіргі әлемдік тәртіпке қатер төндірумен бірге мемлекет, қоғам және олардың арасындағы қарым-қатынасқа ықпалын тигізу арқылы ішкі саяси ахуалға да тікелей әсер етеді".
Халықаралық конференцияға ұлттық қауіпсіздік кеңесінің, білім және ғылым министрлігінің, сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық ғылым академиясының, ҚР президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының, БҰҰ даму бағдарламасының, шетелдік мемлекеттер елшіліктерінің, жоғары оқу орындарының және тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысады.