Алматыда Бауыржан Момышұлы жайлы жаңа деректі фильм түсіріліп жатыр

«Деректі фильм «Қазақтың Бауыржаны» деп аталады. Фильм Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей қолдауымен, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ақпан айынан бері түсірілуде. Мен көбіне қазақ тарихындағы ақтаңдақтар туралы түсіремін. Ал, ақтаңдақтар елдің, ұлттың тарихында ғана емес, оларды құрайтын жеке тұлғалардың өміріне қатысты да жетіп- артылады. Сол тұлғалардың бірі, көзі тірісінде елі үшін еткен ерлік істері лайықты бағаланбаған қазақтың біртуар батыр ұлы - Бауыржан Момышұлы. Сондықтан, бұл фильмде батыр атамыздың бейнесін барынша ашып көрсетуге тырысамын, оның өміріндегі белгісіз жайттарды тереңірек зерттеуге ұмтылудамын. Фильмді жасауда ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдарымен де әңгімелестім. Ізденістің арқасында тың деректерді де таптым, ол фильмде айтылатын болады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталуға жақын», деді фильмнің режиссері Қалила Омаров.

Оның пікірінше, фильм батыр Бауыржанның аңыздан гөрі ақиқат тағдырын ашпақ.
Кинорежиссер бұл туындысына дейін, қазақ тарихына байланысты «Алаш туралы сөз», «Алашорда», «Атамекен», «Замана-шеру», «Барып қайт, балам, ауылға», «Мағжан», «Ұлы жұт» және тағы да басқа бірнеше ондаған деректі фильмдерді түсірген.