Кітап «Полиграфкомбинат» ЖШС-нің баспасынан 1000 данамен басылып шықты. Оны аударған белгілі зерттеуші, М.Х. Дулати қоғамдық қорының директоры Мұхтар Қазыбек.
«Бауыржан Момышұлы мұраларының ішіндегі ең асылы, осы «Қанмен жазылған кітап» болғандықтан қайтадан қолға алып, 6 айда аударып шықтым. 45 беттей алғысөз жазып, сонымен қатар 35 беттей қосымша материалдарын аударып енгіздім. Осы кітапқа батырдың жеке мұрағатында сақталып келген аса құнды да, сирек кездесетін мұралары енді. Атап айтқанда, мұраларының бірегейі - Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде, 1944 жылдың 19-26 қаңтары аралығында КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалында ғылым, әдебиет, өнер қызметкерлерінің алдында оқыған дәрістері кірді. Бұл әдеби мұра өзінің мазмұны мен сипаты, қозғалған мәселелерінің ауқымы жағынан аса бай. Сонымен қатар, кітапқа енген оның сөздері мен баяндамаларының, бұйрықтары мен жауынгерлерге берген мінездемелерінің орны ерекше. Бауыржан тек әскери адам, командир болған жоқ, ол шығармашылық тұлға болды. Оның ойларында, айтқан пікірлерінде толғаныстар, тұжырымдар, даналық сөздер, мақал-мәтелдер көп. Жауынгер жазушының соғыс психологиясы жайындағы әңгімесінің, жазушылармен кездесу кешінде сөйлеген сөзінің стенограммасы, өзінің ұстазы генерал И.В.Панфилов туралы жүрекжарды сырлары мен пайымдаулары, сонымен қатар майданнан жазған үлкен тебіреніске толы хаттары да сақталған. Бұл материалдардың барлығын да осы кітаптан таба аласыздар. Бауыржан Момышұлының патриотизмге толы, Отан сүюге баулитын бұл еңбегін балауса жеткіншектер неғұрлым ерте оқыса, соғұрлым ерте есейе түсетіні күмәнсіз», - деді Мұхтар Қазыбек.
Оның айтуынша, орыс, әрісі әлем халықтары әдебиетінде Момышұлы қалдырғандай мұра кездеспейді. «Оның ең бір құнды жағы - адам психологиясына майдан тәжірибесі тұрғысынан жасалған тың таңдауларының сонылығы мен жаңалығында, адам ақыл-ойын әп-сәтте баурап алатын құдыреттілігінде жатыр. Батырдың жауынгерлерге, майдандас достарына берген сипаттама, мінездемелері адамның көкірегінде терең із қалдырады», - деп атап өтті зерттеуші.