Алматыда белгілі фототілші Қайрат Мұстафиннің 80 жылдығына арналған фотокөрме ашылды

Қазақстан Жазушылар oдағы, Алматы қаласы мен Қарағанды облысы әкімдігінің және «Фотоөнер» Қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ашылған фотокөрмеге автордың 100-ге жуық фотосуреттері қойылған.

«Көрменің мақсаты - қоғамды қазақстандық фотожурналистиканың негізін қалаушылардың бірі болып табылатын Қайраттай танымал фототілшінің шығармашылық мұрасымен таныстыру болып табылады», - дейді шараның ұйымдастырушылары.

Фотокөрме екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде көрме 28 - 31 наурыз аралығында Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтеді. Көрменің екінші кезеңі ағымдағы жылдың 5 - 15 сәуір аралығында Қайрат Мұстафиннің туған жері - Қарағанды қаласындағы облыстық Бейнелеу өнері мұражайында жалғасатын болады.

Қайрат Мұстафин қазақтың классик жазушысы Ғабиден Мұстафиннің ұлы. Азаматтық авиацияның ұшқыштар мектебін аяқтап, борт радисті мамандығын алғаннан кейін Қайрат Мұстафин фотожурналистика саласына біржола бет бұрады. Ол ұзақ жылдар бойы алдыңғы қазақстандық басылымдарда, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» газетінде және Қазақ телеграф агенттігінде қызмет етті. Ол жарты ғасырға жуық кәсіби және шығармашылық өмір жолында фотообъективіне атақты өнер және мәдениет қайраткерлерін, еңбек және спорт ерлерін, сол кезеңнің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалары мен Қазақстан табиғатының бірегей кадрлерін түсіріп алды. Қайрат Мұстафин сондай-ақ Қазақстан туралы әртүрлі фотоальбомдар мен кітаптарды көркемдік өңдеуге үлкен үлес қосқан адам. Зейнетке шыққанға дейін «Өнер» баспасында қызмет атқарды. Ол Бүкілодақтық және Халықаралық фотокөрмелердің лауреаты және дипломанты болып табылады. Қайраттың алғашқы фотосуреттерi өткен ғасырдың 50-ші жылдарында қазақстандық басылымдарда жиі жарияланып тұрды.