ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайы мен ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге этнограф-ғалымның өмірі туралы фотоматериалдар, мұрағаттан алынған құжаттардың түпнұсқасы, өзіне тиесілі жеке заттары, сыйлықтары, сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей жетекшілігімен қайта қалпына келтірілген құнды жәдігерлер - ұлттық киімдер, ұлттық бас киім үлгілері, түскиіздер мен түскестелер қойылған. Көрмеден сондай-ақ, ғалымның музейге өзі тапсырған әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың тымағын да көруге болады.
"Өзбекәлі Жәнібеков - қазақтың майдайалды, аса көрнекті қайраткері. Ол кісіні әрі саяси, әрі мемлекеттік, әрі мәдени қайраткер десе болады. Әсіресе ол біздің ұлтымыздың тарихын, мәдени мұрасын, өнерін, өткен әдебиетімізді зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан адам. Ол кісі жәй ғана зерттеп қойған жоқ, көптеген жәдігерлерді іздеп жүріп ашып, оларды насихаттап, зерттеуге барынша күш салды. Жап жас жігіт болған кезінде, Торғай обкомында хатшы болған уақытында алғаш Амангелді музейін ұйымдастырды. Бірінші болып қазақ драма театрын құрды. Ол ұлттық мәдениетімізді, ұлттық мұрамызды барынша жаңартып, жаңғыртуға еңбек сіңірген адам. Оның Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге, қалпына келтіруге қосқан үлесі өте зор. Өзбекәлі Жәнібеков сонымен қатар, еліміздегі музей ісінің дамуына ат салысқан тұлға, Ол музей қорларының қазақтың этнографиялық бұйымдарымен толығуына, ондағы музейлік заттардың жарияланып, көпшілікке танылуына өлшеусіз еңбек еткен қайраткер",-деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов көрменің ашылу салтанатында.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы тамыз айының 28-де Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын жәй ауыл мұғалімі болып бастап, Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің I-ші хатшысы, ҚазКСР Мәдениет Министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған.
Ғалым ХХ ғасырдың 70 жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қалпына келтіруіне ұйытқы болды. Ө. Жәнібековтың бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында, облыстарында этнографиялық музейлер ашылды. 1981 жылы ол халықтық музыкалық аспаптар музейін ашып, «Сазген» атты фольклорлы-этнографиялық ансамблін құрды. Бұл жылы сонымен қатар, «Алматыреставрация» жөндеу, жаңғырту құрылыс басқармасын ұйымдастырып, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамын құрды. Ол сондай-ақ, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және т.б. фольклорлы-этнографиялық өнер ансамбльдерін дүниеге әкелді. Өзбекәлі Жәнібеков сонымен қатар, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысқан қайраткер.
Ғалымның бүгінде қазақтың әдет-ғұрпы мен дәстүрі, этнографиясына байланысты жазылған бірнеше еңбектері: «Қазақтың ұлттық қолөнері» (1982), «Жаңғырық» (1991), «Уақыт керуені» (1992), «Жолайрықта» (1996), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» (1996 - I кітап, 1997 - II кітап) жарық көрді.
Көрме жұмысы 7 қарашаға дейін жалғасады.