Алматыда белгілі шоумен Антон Вороширинді өз пәтерінде таныстары соққыға жығып кетті

Шоуменнің айтуынша, бірінші тамызда таныс әйел хабарласып, кездескісі келеді. Алайда ол Ворошириннің үйіне жалғыз келмеген.

"Арамызда кикілжің болған құрбысын ертіп келіпті. Қасында бейтаныс жігіт бар еді", - деді шоумен Sputnik Қазақстан тілшісіне телефон арқылы.

Екатерина Антонға "мені жамандадың" деп кінә артып, қоқан-лоққы көрсетеді. Ақыры үшеуі шоуменнің үйінің астаң-кестеңін шығарып, құрбысы Дарьяны шақыруға мәжбүрлейді. Дарья келген соң, Антон екеуін күштеп, Екатеринаға алты миллион қарыз екені туралы қолхат жазғызып алған.

"Содан соң бізді ұрып-соқты. Органдарға хабарласақ, бізден және жақындарымыздан өш алатындарын айтты. Телефонымыз бен жеке куәлігімізді алып кетті", - дейді Вороширин.

Ворошириннің құрбысы Дарьяның жағы шығып, тістері сынған.


Шоумен полиция бөліміне шағым түсіріп, медициналық анықтама алды. Қаланың полиция департаменті баспасөз қызметі айтқандай, қазір Қылмыстық кодекстің 389-бабы "Өзінше билік ету" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"Күдіктілердің бірі анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тағы екеуі – ер мен әйел іздестіріп жатыр, олар тергеуден әдейі қашып жүр", - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Олардың кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе сонша мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.