Алматыда белсенділер дені сау жеткіншектерді жындыханаға жабатын басшылардың былығын айтты

Ақыл-есі дұрыс болса да, ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқандар Алматыда аз емес көрінеді. Бүгін мұндай шулы мәлімдемені «Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қор» қызметкері жасады. Жуырда ғана осындай 6 жеткіншек оларға арыз айтып, хат жазған екен. Қор қызметкерлері, бірінші кезекте адам саны санының көп болуы аурухана басшылығына тиімде дегенді айтып отыр. Себебі, науқастарға ай сайын төленетін жәрдемақы басшылар қалтасына кетеді дейді.

Әлия Әбдинова, Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қор қызметкері:

- Ақыл есі кемдеп танылған   жағдайда ай сайын оларғажәрдемақы  беріліп тұрады. Ол ақшаны  да сол интернаттар пайдалана алады.

Қалта қамын күйттеген басшылар, қызметкерлерін сау баланы ақыл-есі кем деп айтуға мәжбүрлейді екен. Мәселен, Любовь Хасанова Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат үйінде 24 жыл бойы қызмет еткен. Айтуынша, өз тәжірибесінде сау баланы ауру қылған жағдай сан рет кездесіпті.

Любовь Хасанова, Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған интернаттың бұрынғы қызметкері:

- Дәрігерлер тексеріс жасап келгенде ешқандай ауытқуы жоқ балалар туралы мәжбүрлі түрде өтірік жауап беретінбіз. Яғни айқайлайды, өзгелерді ұрып-соғады деп болмаған дүниені айтуға тура келетін. Мұндай жағдай интернатта жиі болды.

Алайда аталған мекеменің қызметкерлері мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша, мұндағы тұрғындардың бәрі нақты диагноз қойылғаннан кейін келеді. Ал оларға сараптама 2 жыл сайын жасалады екен.

Үміт Кенжебекова, Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған интернаттың қызметкері:

- Ондай мүмкін емес. Өйткені, әр дәрігер  өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын.

Енді, қор қызметкерлері шағымданған жеткіншектерге тәуелсіз сараптама жасатпақ ниетте. Егер олардың ауруханаға заңсыз жатқызылғаны дәлелденсе, арты үлкен шуға ұласқалы тұр.

Loading...