Алматыда Білім министрі сөйлеп тұрған кезде жарық өшіп қалды

Ұстаздардың бас қосып алдағы жаңа оқу жылын пысықтап алатын тамыз мәслихаты жылдан жылға концертке айналып бара жатқандай. Жиналғандар алдымен бишілердің биін тамашалады.

Артынан мінберге көтерілген қалалық білім басқармасының басшысы оқушылардың жеткен жетістіктерін жіпке тізіп шықты. Айтуынша, алматылық оқушылар былтыр білімін көрсету жағынан алда болыпты. Ендігі мақсат – мектепте қазақ тілін барынша кеңінен оқыту. 

Рахат Шимашева, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы:

- Әр халықтың ана-тілі білімнің кілті. Осы орайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін арттыру үшін қазақ тілі мектептерде екі топқа бөлініп оқытылады.

Алұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтауға келген еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қашанғыдай қазақша білетін бірнеше сөзді сөйлеп, мәлімдемесін орысша жалғастырғаны сол еді, жарық сөніп қалды.

Бірақ бұл жиынды жалғастыруға кедергісін келтірген жоқ.Өзін сабырлы ұстаған министр қараңғыда біраз үнсіз тұрып, сөзін аяқтады. Оның айтуынша, Алматыда болашақта әлемдік деңгейдегі колледж салу жоспарланған. Қаладағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің де санын арттыруды қолға алыпты. Ал шаһар басшысы бүгінгі тосын жағдайды әзілмен түсіндірді.

- Құрметті Аслан Бекенұлы мыну жиналысты жаңа залда өткізейік деп едік, жаңа екені көрініп тұр. Жарық өшіп қалды.

Ахметжан Есімовтің айтуынша,23 мыңнан астам бүлдіршінбалабақшаға зәру. Сондай-ақ, жыл сайын халқының санымен бірге ұлғайып бара жатқан қалаға 8 мектеп салу керек. Соның бірі 1200 орындық білім ордасы биыл пайдалануға берілмек.

- Жиын соңында құрылысшылар еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың мәлімдемесі кезінде жарықтық өшіп қалу себебін түсіндірді. Айтуларынша, мынау Мәдениет үйінің артында Универсиадаға арналған «Атлетикалық ауылдың» құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сол кезде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған кран басқарушысы электр сымын басып кеткен. Ал өзі тоққа түскен ол, айтарлықтай күйік алып ауруханаға жеткізіліпті.