Қалалық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, тіркелген үміткерлер арасынан 40 үміткер өз бетімен ат ұсынса, 34 адам түрлі саяси партиялардың өкілдері. Үміткерлердің басым бөлігі, немесе 60-ы ер адамдар. 71 үміткер жоғары білім игерген. Кандидаттардың орташа жасы - 50.
Қостанай облысында бір мандатты төрт округ бойынша 29 үміткер тіркелді. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркованың айтуынша, депутаттықтан үміткерлердің 19-ы ер, 10-ы әйел адамдар. Ең балаңы 34, ең қариясы 68 жаста.
Алматы облысында жеті депутаттық орынға 55 адам таласуда. Орталық сайлау комиссиясының Алматы облысы бойынша өкілі Нұрқас Керімқұловтың KZ-today тілшісіне хабарлауынша, 18 адам саяси партиялардың өкілдері болса, 37 адам өз бетімен додаға түсетіндер. Мәжілістегі орын үшін мемлекеттік мекемелер мен әкімшілік өкілдері, мәслихат депутаттары, коммерциялық ұйымдардың қызметкерлері, заңгерлер, журналистер мен қазіргі парламент депутаттары таласпақшы.